Жартылай марафондағы қайғылы жағдайдан соң министрлік мұндай шараларға талапты күшейтпек
АСТАНА. KAZINFORM - Алматы қаласында өткен жартылай марафон кезінде екі қатысушының қаза табуы – ауыр әрі ерекше назар аударуды қажет ететін жағдай.

Бұл туралы өзінің Instagram парақшасында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жазды.
- Қазіргі уақытта оқиға бойынша толыққанды тексеріс жүргізіліп жатыр. Қатысушылардың денсаулық жағдайы, жарысты ұйымдастыру тәртібі, медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен қауіпсіздік регламенті жан-жақты сарапталады,- деді министр.
Сондай-ақ ол сөзінде жергілікті атқарушы органдар өткізетін мұндай шараларға талапты күшейтілетінін атап өтті. Бұқаралық спорт қауіпсіз әрі кәсіби деңгейде ұйымдастырылуы тиіс.
- Туризм және спорт министрлігі бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті құрылымдарға жолдайды.
Қаза болған азаматтардың жақындарына көңіл айтамын!,- деп жазды, Ербол Мырзабосынов.
Осыған дейін Алматыда жартылай марафонға қатысқан екі адам қайтыс болғаны туралы жаздық.