Жарты ғасырда алғаш рет облигациялар нарығының төмендеуі тіркелді - ҰБ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемдегі орталық банктер инфляциямен күресте ақша-кредит саясатын синхронды түрде күшейтуді жалғастырып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлемдегі орталық банктер инфляциямен күресте ақша-кредит саясатын синхронды түрде күшейтуді жалғастырып келеді: АҚШ Федералды резервтік жүйесі қыркүйекте мөлшерлемені үшінші рет 75 базистік тармаққа, Еуропа орталық банкі мөлшерлемені 75 базистік тармаққа көтерді. Бұл мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің бұрын-соңды болмаған өсуіне және жарты ғасырда алғаш рет облигациялар нарығының төмендеуіне әкелді», - деді Ғалымжан Пірматов.
Оның дергінше, осы жылдың басынан бастап мөлшерлемелердің өсуі аясында дамыған елдердің акциялары (MSCI World) 27 пайызға төмендеді. АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 1,51 пайыздан 3,83 пайызға дейін 2,32 пайыздық тармаққа өсті. АҚШ долларының индексі жыл басынан 17,2 пайызға арты.
«Инвесторлар Ұлыбританияның фискалдық ынталандыру бойынша жариялаған жоспарларын теріс қабылдады және ол фунт стерлинг пен сол елдегі мемлекеттік бағалы қағаздардың құлдырауына әкелді. Қаржылық шарттарды күшейту және рецессияның өсіп келе жатқан тәуекелдері аясында қорғаныш активтеріне көшу жалғасуда. Қор нарықтары қатарынан 3 тоқсан бойы төмендеп, 2008 жылдан бастап ең ұзаққа созылған құлдырауға жол берді», - деді Ғалымжан Пірматов.