Жарты күнін гаджеттердің алдында өткізетін баланың ертеңі қандай болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сандық технологиялар бала миын қалай зақымдауы мүмкін? Бұл сауалға ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің жариялаған мәліметінен жауап алуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
None
None

   «Бүгінгі күні смартфон, планшет сынды гаджет түрлеріне және басқа да сандық техникаларға күллі дүниежүзі тәуелді. Осының салдарынан әлемге сандық ақыл-ой кемістік вирусы еніп келеді. Бұл әзіл емес, бұл - диагноз. 2007 жылы мамандар сандық техниканы қолданатын балалардың зейінінің төмендеуі, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, өзін-өзі ұстау қабілетінің төмендеуі, жабырқаулық пен депрессияға ұшырап жатқаның байқаған. Зерттеу нәтижелері бойынша сандық техника буын өкілдерінің миында бас сүйек-ми зақымын алған немесе кәрілік кезінде жиі ұшырайтын ақыл-ой кемістік ауруы - деменцияның алғашқы сатысындағы өзгерістер байқалады. Орташа статистикалық көрсеткіш бойынша 7 жасар еуропалық өмірінің бір жылынан артық уақытын (тәулігіне 24 сағат), ал 18 жасар еуропалық 4 жылынан артық уақытын экран алдында өткізген. Қазіргі балалар бұрынғыдай емес деп ойлайсыз ба? Ия, бұрынғыдай емес, дегенмен олардың миының мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген адамның миынан ешқандай айырмашылығы жоқ, яғни әрқайсысы өзі сияқты он мыңдаған нейрондармен байланысқан 100 миллиард нейроннан тұрады»,-деп атап өтілген комитеттің ресми сайтында.

Осы орайда мамандар, миды қоректендіріп, дамытып отыру керек екенін алға тартуда. Біздің ойымыз, іс-әрекетіміз, түрлі қиын есептерді шығаруымыз бен түрлі толғаныстарымыздың барлығы ми қыртыстарына әсер етпей қоймайды. Британдық профессор психолог Таня Биронның тұжырымдауы бойынша: «Балалардың алуан түрлі жаңалықтарды ашып, табиғат әлемін өздігімен зерттеу кезіндегі еркін және тәуелсіз ойлауынан алатын әсеріне басқа ештеңе тең келмейді».

Таңғаларлық жағдай, 1970 жылдан бері балалар белсенділігінің аумағы (балалардың қоршаған ортаны еркін зерттеу мүмкіндігі жоғары үй айналасының аумағы) 90 пайызға кішірейген. Барлық әлем смартфон экранының көлеміне дейін кішірейді. Балалар жаңбыр астында серуендеу, көлшіктерге кемелер жіберу, ағаштарға өрмелеу немесе жай ғана бір-бірімен әңгімелесу дегенді ұмытқан, ұмытпақ түгілі, тіпті білмейді де. Олар сағаттап смартфондарына телміріп отырады. Дегенмен олар бұлшық еттерін дамытып, әлемде кездесетін түрлі қауіп-қатерлерлер туралы біліп, және жай ғана достарымен қарым-қатынас жасаулары қажет.

Адам миы сыртқы ынталандырудың әсерінен қалыптасады және оның көп болғаны маңызды. Сондықтан, балалар виртуалды әлемді емес, қоршаған ортаны зерттегені абзал. Бұл мыңдаған жылдар бұрын қаншалықты маңызды болса, қазір де маңыздылығын жойған жоқ.

  Сонымен қатар, балалардың ұйқысы дұрыс қануы керек. Бірақ қазіргі балалардың Ғаламтордан шығып, компьютерлік ойындардан бастарын алуы қиынға соғады. Бұл бала ұйқысының ұзақтығын қысқартып, оның бұзылуына әкеліп соғады.

«Сіз шаршап, басыңыз ауырып отырған кезде ойлау қабілетіңіз төмендеп, мектеп тапсырмалары да ойыңызға қонбайтынын байқайсыз.   Сандық технологиялар бала миын қалай зақымдауы мүмкін? Біріншіден, бірқалыпты әрі жүйелі түрде Ғаламтор желісінде уақыт өткізу сыртқы ынталандырудың мөлшерін азайтады. Бала миының жанашырлық, өзін-өзі бақылау, шешім қабылдау тәрізді қабілеттеріне жауап беретін айтарлықтай маңызды бөлігінің дамуына септігін тигізетін өмірлік тәжірибе алатын мүмкіндігі жоқ. Аяғын қозғалыссыз қалдырған адамның аяғы жансызданып кететініндей, мидың да дамымай қалған бөлігі істен шығып қалатыны белгілі. Балалар мәліметті естерінде сақтаудан гөрі, керекті ақпаратты Ғаламтор желісінен іздеуді жөн көреді. Бұл есте сақтау қабілетінің нашарлауына әкеліп соғады. Оны балалар мүлдем жаттықтырмайды»,-дейді мамандар.

Ғаламтордың салдарынан балалар ақылдырақ бола бастады деп ойлайсыз ба? Ал қазіргі он бір жастағы жеткіншектердің орындайтын тапсырмаларын 30 жыл бұрын сегіз-тоғыз жасар балалардың еш қиындықсыз орындай алғанын білесіз бе? Зерттеушілердің айтуынша, осының негізгі себептерінің бірі - виртуалды әлемде өмір сүру.

Бірақ балаңызды құтқарып қалуыңызға әлі де кеш емес! Ол үшін балаңыздың түрлі гаджеттерді қолдану уақытын шектеуіңіз қажет. Сандық индустрияның данышпаны Стив Джобс дәл осылай жасағаны белгілі. Ол балаларының айпадты қолдануына рұқсат етпеген, оған қоса басқа гаджеттерді түнгі уақыттарда және демалыс күндері қолдануларына тыйым салған.

     3D Robotics-тің негізін қалаушылардың бірі, «Wired» американдық журналының бас редакторы Крис Андерсон де өз балаларына гаджеттерді қолдануда шектеу қояды. Андерсон ережесі бойынша  жатын бөлмеде ешқандай да экрандар мен гаджеттер болмауы тиіс. Ал Blogger және  Twitter сервистік жүйелерінің негізін қалаушылардың ұлдары планшет пен смартфондарды күніне 1 сағаттан артық қолдана алмайды, OutCast Agency-дің директоры гаджетті қолданудың уақытын 30 минутқа дейін шектеген.

«Не істеу керек?» деген сауалдың тікелей шешімі осы. Өскелең ұрпақтың қамын ойлау біздің қолымызда. Жарты күнін экрандар мен суперзаманауи гаджеттердің алдында өткізетін бүгінгі баланың ертеңі, шамамен 10-20 жылдан кейін қандай болатынын бірауық елестетіп көріңіз. 

Соңғы жаңалықтар