Жарты миллионға жуық қазақстандықтар шетелде туркодпен демалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелге демалуға аттанған қазақстандықтардың қауіпсіздігіне кепіл беру жүйесі жұмыс істей бастағалы бері 485 мың туркод берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Туристік код қарпі мен саны бар 11-13 (баратын елге қатысты) символдан тұрады. Ол әр жолдаманы рәсімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Турист оқыс жағдайға тап болған кезде қорға хабарласып, туркодын айтуы керек және тәулік бойы шұғыл көмек ала алады.
Қазақстандықтарға 2017 жылдан бастап шетелге туркодпен шығуға кеңес беріледі. Арнайы құрылған «Туристік қамқор» КҚ шетелде күтпеген қиындыққа тап болған сәтте отандастарды елге тез арада оралтуды көздейді. Ең алдымен бұл көмек міндетіне салғырт қараған туристік фирмалардан зардап шеккендерге беріледі.
«Туристік қамқор» қорының тізіміне 56 туроператор енгізілген. Оларға қатысты ақпаратты fondkamkor.kz сайтынан білуге болады.
Қазіргі уақытта елімізде шетелге шығатындарға 140-тай туркомпания қызмет көрсетеді. Алайда 70-тен астам туроператор қазақстандықтардың шетелде демалысын қатерге тіге отырып, жасырын түрде қызмет көрсетіп келеді.
«Туристік қамқор» қоры шетелге демалуға баратындарға елден ұшып шығардан бұрын қонақүйге бронь жасалғанын, кері үйге қайтатын билетінің құны төленгенін, сонымен қатар туркодының бар екенін тексеріп алуға кеңес береді.