Жарты триллион теңгеге жуық зейнетақы активтері «ҚазАгроға» инвестицияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның 450 млрд теңге сомасындағы зейнетақы активтері «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-ның облигацияларына инвестицияланды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Мәлім етілгендей, зейнетақы активтері 15 жылға, 10% сыйақы мөлшерлемесімен инвестицияланған.

«2018 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған инвестициялаудың 2018 жылға арналған негізгі бағыттарына сәйкес БЖЗҚ-ның 450 млрд теңге сомасындағы зейнетақы активтері «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның айналыс мерзімі 15 жылдық облигацияларына нарықтық талаптармен және жылдық 10% сыйақы мөлшерлемесімен инвестицияланды. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ агроөнеркәсіптік кешенді индустриалдық дамытуды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі институт болып табылады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы мемлекет «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның жалғыз акционері болып табылады. Халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары кредиттік бағасына ие болған холдинг бағалы қағаздар нарығындағы сенімді қарыз алушылар қатарына жатады. Мәселен, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Fitch Ratings агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша оң болжаммен «ВВВ-» деңгейінде тұр. Холдингтің меншікті капиталы 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 244,9 млрд теңгені құрайды», - делінген Ұлттық банк ақпаратында.

Банктен атап өткендей, агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызды секторларының бірі болып табылады және өндіруші саланың ел экономикасына әсер етуін теңестіруге мүмкіндігі бар негізгі қозғалтқыш ретінде қарастырылады.

«Осылайша, бір жағынан, жоғарыда көрсетілген инвестициялар БЖЗҚ салымшыларына жыл сайын біршама инвестициялық кіріс әкелетін болады. Екінші жағынан - саланы қаржылай қалыпқа келтіру есебінен агроөнеркәсіптік секторды одан әрі дамытуға және жетілдіруге, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін төмендетуге, бағамның нарықтық ауытқуларына байланысты валюталық тәуекелдердің азаюына, сондай-ақ кредиттеу көлемінің ұлғаюына айтарлықтай қолдау көрсетеді», - деді банктен. 

Соңғы жаңалықтар