Жарты жыл ішінде мемлекеттік қызметтің 77,8 пайызы электрондық форматта ұсынылды - Әділет министрлігі
АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында әділет органдары көрсеткен 5,3 млн. мемлекеттік қызметтің 77,8 пайызы электрондық форматта ұсынылды.
Бұл туралы ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өткен ҚР ӘМ Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің кеңейтілген алқа мәжілісінде комитет төрағасы Бақыт Әбішев хабарлады.
«Халық арасында электрондық қызметтің танымалдығы күрт артып отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда берілген е-қызметтің саны 2,5 есеге ұлғайды. Қазіргі кезде қазақстандықтар мемлекеттік қызметті интернет арқылы алудың артықшылығын байқап отыр» - деп атап көрсетті Б. Әбішев.
Мысалы, бірінші жартыжылдықта тіркелген 10850 заңды тұлғаның 7 мыңнан астамы ХҚКО-ға хабарласпай, egov.kz порталы арқылы осы рәсімдеуден өткен. Аталмыш кезеңде портал арқылы әртүрлі 4048179 электрондық анықтама берілді, сондай-ақ 10749 жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жүргізілді.
Аталған қызметті алудың онлайн-тәсілінің артықшылығы - тіркеу мерзімдерін бір күнге дейін қысқартады және қағаз құжаттар болмайды.
Баспасөз қызметінің атап өтуінше, алқа мәжілісі барысында Әбішев заңды тұлғалар мен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті көрсету саласында соңғы кезеңде пайда болған жаңалықтарға айрықша көңіл бөлді. Мәселен, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу мерзімі 1 жұмыс күніне дейін қысқарды (бұрын мерзімі 3-7жұмыс күні болатын). Заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің телнұсқасын (дубликатын) енді egov.kz арқылы алуға болады, оны әдеттегі принтерден басып шығарып, талап еткен жерге жібересіз. Сонымен қатар шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеуден бас тарту мүмкіндігі жойылды, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін электрондық тіркеу мүмкіндігі іске асырылды. Комитет төрағасының айтуынша, бұлар төрешілдік бюрократиялық амалдарды қысқартып, бизнес уақытын үнемдеуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған.