Жарты жылда ішкі тауар айналымы 6,9 пайызға төмендеді – Сауда министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жарты жылда ішкі тауар айналымы 6,9 пайызға төмендеді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарты жылда ішкі тауар айналымы 6,9 пайызға төмендеді – Сауда министрі

«Соңғы 2 жылда ішкі тауар айналымы 11 проценттік қарқынмен өсіп, 37,5 трлн теңгеге жетті. Алайда, биылғы жылдың 6 айында ішкі тауар айналымы 6,9 пайызға төмендеп, 14,9 трлн теңгені құрады (2019 ж. – 16 трлн теңге). Сонымен қатар COVID-19 салдарынан сауда саласындағы инвестициялар көлемі 48 пайызға түсіп кетті», - деді министрі онлайн режимде халық алдында есеп беруі барысында.

Оның сөзіне қарағанда, нарықтарды заманауи сауда форматына ауыстыру саладағы кәсіпорындардың өсімін 10 пайызға, ал жұмыспен қамтылғандарды 5 мың адамға арттыруға ықпал етеді.

«Сауда инфрақұрылымын жаңғыртуда басты бағыт – цифрландыру. Сауданың электронды жүйесі отандық тауар өндірушілер мен шетелдік серіктестерді тартуға мүмкіндік беріп, бәсекеге қабілеттілік пен шарттардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Биржа котировкалары нарықтың жағдайын нақты көрсетіп тұрады», - деді Сұлтанов.