Жарты жылда Қазақстан жолдарында 1 мың адам ажал құшты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл жол-көлік оқиғалары салдарынан 1015 адам қаза тауып, 10 911 адам жарақат алды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Бас прокуратураcы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметінде хабарланды.
Белгілі болғандай, жол апаттарынан ажал құшқандардың көбі Алматы облысында (196 адам) тіркелді. Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы алты айда 159 адам, Жамбыл облысында-90, Шығыс Қазақстан облысында 71 адам мерт болды.
«2014 жылғы алты айдағы жол-көлік оқиғаларын және зардап шеккен адамдарды есепке алу мәліметтеріне сәйкес, еліміз бойынша 8608 оқиға тіркелді. 2013 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 8462-ні құрады»,-делінген комитет мәліметінде. Осылайша, биыл тіркелген ЖКО 1,7 пайызға артып отыр.