Жарты жылда ТЖД қызметкерлері 44 адамды құтқарды
АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 1149 шұғыл шақырту болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26%-ға (1561 шақырту) аз. Бұл туралы жартыжылдықтың қорытындысын шығарған Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті.
«Биылғы жылдың алғашқы алты айында Департамент бөлімшелері 1149 шұғыл шақыртуға шыққан. Соның ішінде 57 жағдай апаттық-құтқару жұмыстарына байланысты орындалған. Ал 2012 жылы ол 22 болса, 63 %-ға ұлғайған», - деп хабарлайды ведомстводан.
Сонымен қатар, апаттық-құтқару жұмыстарының артуы есіктердің жабылып қалуынан, адамдарды үйлердің самалдықтарынан түсіріп алу, соның ішінде суицидтік сипаттағы оқиғаларға шақырулар есебінен болып отыр. Нәтижесінде, 44 адам құтқарылды. 2012 жылы бұл тұрғыда 70 адам құқарылған еді. Сонымен қатар адамдарды қауіпсіз жерге көшіру оқиғасы 16 %-ға төмендеді.
Елорданың ресми сайтының жазуынша, жалпы, өткен уақытта Астана аймағында 454 төтенше жағдай орын алса, осы кезеңмен салыстырғанда былтыр 604 оқиға тіркеліп, төтенше жағдайлар 25%-ға төмендеді.
Қаншама күш салынғанымен, төтенше жағдайлар кезінде 29 адам (2012 жылы - 33 адам) көз жұмып, 144 адам (2012 жылы - 192 адам) зардап шекті. 38 млн. 900 мың теңге (2012 жылы - 76 млн. 200 мың тг.) шығын келтірілді.