Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша БҰДСЖ-нің Қарағанды облысында енгізілу барысын бағаланды
АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова жұмыс бабындағы сапармен Қарағанды облысында болды,
деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
Сапардың мақсаты - 2011 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің (БҰДСЖ) облыста енгізілу барысын бағалау.
ҚР Денсаулық сақтау министрі жұмыс сапары барысында №3, №4 емханада, «ГЦ ПМСП» ЖШС емханасына, облыстық кардиохирургиялық орталықта, Мақажанов атындағы Травматология және ортопедия орталығында, облыстық перинаталдық орталықта болып, жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, облыстың медициналық қоғамдастығы мен ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізіп, пациенттердің құқығын қорғау және медициналық қызмет сапасына қатысты мәселелерді талқылады.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуда 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы маңызды кезең болып табылады. БҰДСЖ енгізу аталған мемлекеттік бағдарламаның мақсаты, міндеттері және бағыттарына сәйкес келеді.
Қарағанды облысында Бірегей төлеуші жүйесінде стационарлық және стационарды алмастырушы көмек көрсететін 81 медициналық қызмет көрсетуші тіркелген, оның 21-і - жекеменшік ұйымдар. Олардың саны 2010 жылмен салыстырғанда 5 пайызға ұлғайып, жалпы көлемнің 26 пайызын құрайды. Бұл пациент үшін ауруханалар арасында бәсекелестік ортаның дамығанын көрсетеді.
2011 жылдың бірінші жарты жылдығында жоспарлы түрде ауруханаға жату үшін Госпитальге жатқызу бюросы порталы арқылы стационарды еркін таңдау құқығын Қарағанды облысының 32 365 тұрғыны пайдаланған, оның 24 пайызы - ауыл тұрғындары. Пациенттердің 91 пайызы өз облысы аумағында емделуді жөн көрсе, 0,2 пайызы өзге өңірлерді таңдаған, ал 8 пайызы республикалық емханаларда мамандандырылған көмек алған. Науқастардың жалпы санының 89 пайызы он күннің ішінде емдеу орындарына жатқызылған.
2011 жылдан бастап жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) алу үшін пациенттерді жіберу Госпитальге жатқызу бюросы порталы арқылы жүзеге асырылып, бұл үрдістің ашықтығын, жеделдігін қамтамасыз етті.
Қарағанды облысының тұрғындары үшін медицинаның жоғары технологиялар саласындағы озық жетістіктері қолжетімді бола түсті. 2009 жылы ЖММК тек Қарағанды қаласындағы облыстық кардиохирургиялық орталықта көрсетілсе, 2011 жылы қызметтің бұл түрін өңірде 6 медициналық ұйым ұсынуда. Яғни, медициналық қызметтер тізімі кеңейіп, травматологиялық, нейрохирургиялық бейіндегі және бұған дейін тек республикалық емханаларда атқарылып келген өзге де күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік туды.
2010 жылдың қыркүйек айынан бастап медициналық көмектің 6 бейіні бойынша ерте қалпына келтіру және медициналық оңалту технологиялары тұңғыш рет енгізілді. Қарағанды облысының медициналық ұйымдарында жәрдемнің мұндай түрлерін травматологиялық, ортопедиялық, неврологиялық, нейрохирургиялық, кардиохирургиялық және кардиологиялық ауру түрлері бойынша 2105 пациент алды.
2011 жылдан бастап амбулаториялық-емханалық деңгейде БҰДСЖ екінші кезеңін енгізу басталды. Емнің амбулаторлық бөлімін скринингтік бағдарламаларды кеңейту, қосымша қызметтер ендіру, бастапқы медициналық-санитарлық көмектің әлеуметтік бағдарланған үлгісін енгізу, алыс елді мекендер тұрғындары үшін икемді медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету, санитарлық авиацияны дамыту арқылы толықтыруды көздейді.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) тарифіне қосымша компонент енгізу қарастырылған. Бұл профилактикалық жұмыстарды ынталандыру және өңірлерде БМСК бойынша шығындарды теңдестіруді көздейді.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында ұйымдар қызметінің бағасын ескере отырып, БМСК тарифіне ынталандыру компоненті ретінде өңірлерге 2,2 млрд. теңге қаржы бағытталса, оның 277 млн. теңгеден астамы Қарағанды облысына тиесілі.
Қазіргі уақытта соңғы нәтижеге байланысты медициналық қызметкерлерге сараланған еңбекақы төлеу үшін жағдайлар жасалған. БҰДСЖ енгізілуіне байланысты акционерлік қоғамдар, шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындарда медициналық қызметкерлердің жалақысы 16-34 пайызға көтерілген.
Ерте диагностикалауды дамыту, профилактикалық тексерулер, скринингтер өткізу және консультативтік-диагностикалық медициналық көмек көрсету, ауылдық елді мекендердің тұрғындарына дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жылжымалы медициналық кешендер арқылы жәрдем көрсетіле бастады. Сонымен қатар, статистикалық есептің автоматтандырылған жүйесін енгізу және медициналық қызметтердің жеке есебін ендіру бағытында жұмыстар жалғастырылып, денсаулық сақтау саласындағы менеджментті жетілдіруге ықпал етеді.
БҰДСЖ қағидаларын енгізу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарында көзделген ұлт денсаулығын жақсартудың мақсатты көрсеткіштеріне жетуге мүмкіндік береді.