Жарықтың сөніп қалуы Астананың тіршілігіне әсер еткен жоқ - ТЖМ
АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат - Жарықтың апатты жағдайда сөніп қалуы Астананың тіршілігіне әсер еткен жоқ, деп хабарлады республиканың төтенше жағдайлар ведомствосынан.
Сенбі, қаңтардың 23-і күні автотрансформатор сөніп қалып, Астана бірнеше сағатқа жарықсыз болды. Елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, «алдын-ала мәліметтер бойынша, Орталық қалалық 500 кВт төмендетуші подстансыда орын алған апаттың салдарынан, сағат 18.30-дан бастап Астананың бірқатар аудандары жарықсыз қалды». Апат салдарынан, 1-және 2-ші жылу-электр стансыларының қалыпты жұмысын сақтау үшін қажетті электр қуаты автоматты түрде жиілікпен сөндірілді.
Осының нәтижесінде Астана қаласының 60 пайыз аумағында жарық қысқа мерзімге сөндірілді.
Сағат 19.01-де электр қуатының жүйелері үйлестірілді және тұтынушылар электр жүйесіне жартылай қосылды. Сағат 22.40-тағы жағдай бойынша қалада электр қуатымен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілді.
Төтенше жағдайлар ведомствосынан хабарлағандай, бұл оқиға қаланың тіршілігіне әсер еткен жоқ. Төтенше оқиғаның салдарын жоюға арнайы бригада жұмылдырылды. Апаттың себебін оқиға орнында «КЕГОК» компаниясының комиссиясы анықтады.