Жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарға байланысты Қаратау қаласындағы мектеп-интернаттан 73 бала қауіпсіз жерге шығарылды
АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат - Жарылғыш зат қойылды деген анонимді хабарға байланысты Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы «Үміт» мектеп-интернатынан 73 бала қауіпсіз жерге шығарылды.
Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлағандай, жарылғыш зат қойылғандығы туралы ақпарат мектеп-интернатқа қазанның 4-і күні 23 сағат 10 минутта келіп түскен.
Төтенше жағдайды жоюға шұғыл әрекет ету қызметінің 46 адамы мен 6 техникасы дереу жөнелтілді, оның ішінде Жамбыл облысы бойынша ТЖД-ның жеке құрамындағы 8 адам мен 2 техника бар.
Ғимараттан барлығы 78 адам қауіпсіз жерге шығарылды, оның 73-і - балалар. Жүргізілген арнайы іс-шаралардан кейін жарылғыш зат табылмады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.