Жарылғыш затта қолданылатын улы сынапты сатқан күдікті ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында улы «сынапты» сатпақ болған 27 жастағы ОҚО тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қаласының ІІД баспасөз қызметінің келтірген мәліметіне сәйкес, 2017 жылдың 21 желтоқсанында елорда аумағында белгісіз біреудің улы сынапты сатпақ болғаны туралы жедел ақпарат келіп түскен. Аталған факт сотқа дейінгі тергеу амалдарының тізіліміне ҚР ҚК 301-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген.
Сараптама жұмыстары табылған заттың улы «сынап» екенін анықтаған. Бұдан кейін Астананың тәртіп сақшылары ОҚО ІІД қызметкерлерімен бірге сынапты саудалап жүрген азаматтың ізіне түседі.
«Аталмыш зат жарылғыш құрылғыны әзірлеу үшін қолданылуы мүмкін. Осы жайды есепке алған Астана қаласының тәртіп сақшылары өткізушінің тұрғылықты жері Оңтүстік Қазақстан облысына барады. 3 ақпан күні жедел іздестіру шаралары барысында Астана қаласының ІІД экстремизмге қарсы басқарма қызметкерлері ОҚО ІІД құқық қорғаушыларымен бірге 150 граммдық сынапты 29.600 АҚШ долларына тағы сатпақ болған 27 жастағы ОҚО тұрғынын ұстады», - деп хабарлайды ведомстводан.
Қазіргі уақытта күдікті Шымкент қаласының ІІБ уақытша оқшаулағышына қамалған. Бірлескен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.