Жарылыстар, бала ұрлау, өлтіру сынды жалған ақпарат таратқан азаматтар жауапкершілікке тартылады - ҚР Бас прокуратурасы
«Соңғы күндері жарылыстар, сондай-ақ балаларды ұрлап кету, өлтіру туралы және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қиын жағдай жайындағы үрейлі жалған хабарлар үлкен қоғамдық резонансқа ие болды. Бұл ретте, құқық қорғау органдарының осы мәліметтердің барлығын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел теріске шығарып отырғандарын атап өткен жөн», - деді ол.
Осыған байланысты, Бас прокуратура таратылған сыбыстардың бірде-бірінің шындыққа жанаспайтынын және анық жалған ақпарат болып табылатынын ресми түрде хабарлайтындығын атап өткен ол: «Қазіргі таңда құқық қорғау органдары әрбір фактіні тексеруде және жалған хабарлар таратуға әрі жағдайды тұрақсыздандыруға кінәлі адамдар заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылатын болады», - деді ресми өкіл.
Оның атап өтуінше, еліміздің құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықтың өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті болдырмау жөнінде тұрақты негізде түбегейлі шаралар қабылдауда. «Қажеттілік туындаған кезде, қоғамдық қауіпсіздікке байланысты ақпараттарды біз халыққа коммуникацияның барлық қолжетімді арналары арқылы жедел жеткізетін боламыз», - деді Н.Сүйіндіков.