10:16, 01 Маусым 2014 | GMT +5
Жарыс көлігі авторалли көрермендерін басып өлтірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шотландияда өткен автораллиде үш адам қаза тапты. Жарыс көліктерінің бірі жолдан шығып кетіп, көрермендер тұрған жаққа қарай ұшқан, деп хабарлайды Би-би-си.
![None None](/static/img/plug.webp)
Апат кеше кешке, 31 мамыр күні атақты «Формула-1» жарысының шотланд шабандозы Джим Кларкты (Jim Clark) еске алуға арналған жарыс кезінде орын алды. Джим Кларк 1968 жылы Германияда өткен жарыста қаза тапқан болатын.
Куәгердің айтуынша, көлік алдымен бір жағына қарай қисайып кетсе, сосын екінші жағына қисайып барып, жолдың шетінде тұрған 4 адамға соқтығысқан.
Құтқарушылардың ақпараты бойынша, зардап шеккен бір адам Эдинбургтегі корольдік ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы ауыр.
Бұл ралли кезіндегі алғашқы қайғылы оқиға емес. Осы оқиғадан екі сағат бұрын тағы бір көлік 5 адамды қағып кеткен, олардың біреуі ауыр жарақат алған.
Бұл оқиғалардан кейін жарыс тоқтатылды. Полиция тергеу амалдарын жүргізуде.