Жарыстан қайтқан 20 баланы Өскеменге апара жатқан автобус жолда бұзылып қалды
Кешкі сағат 20:15 шамасында Астана-Павлодар республикалық тасжолын патрульдеу барысында «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері жолдың шетінде бұзылып тұрған автобусты байқады.
Жүргізуші Астанада спорт турниріне қатысқан 20 баланы қайта Өскеменге апара жатты.
Жолшылар көлік жүргізушісіне көмек көрсетіп, оны ең жақын техникалық қызмет көрсету станциясына апарды.
Олар автобустың істен шыққан қосалқы бөлшегін жөндеді. Балалар болса жолшылардың бақылауында болды. Автобуста автономды жылыту жүйесі жұмыс істеп тұрды.
Жөнделген көлік жүргізушісі сапарын жалғастырды. Жүргізуші жолаушыларға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.
Естеріңізге сала кетейік, республикалық тасжолда штаттан тыс жағдай туындаса, көлік иелері 1403 қысқа нөмірі бойынша ҚазАвтоЖолдың тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталығына хабарласа алады.