Жас аналарға берілетін әлеуметтік қолдау Батыс елдерінде жоқ – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының конституциялық міндеті саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шарада тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі туралы пікір білдірді.
Жаңа Конституцияға сай, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сәйкесінше, әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының, соның ішінде Үкіметтің конституциялық міндеті саналады.
– Бұл міндет табысты орындалып жатыр. Өткен жылы тек республикалық бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге 9 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалды (шамамен 18 миллиард доллар). Бұл – өте қомақты сома. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасын іске асыру да конституциялық міндеттеме аясына кіреді, – деп атап өтті Президент.
Тегін медициналық қызметтерді қамтитын әлеуметтік мақсаттағы бірегей бағдарламаның басқа елдерде баламасы жоқ.
– Аталған бағдарлама туралы Конституциямызға жазылды, бұл – конституциялық міндет. Мұны мемлекеттің нақты жетістігі ретінде атап айтқан жөн. Нәзік жанды аруларымыз дүниеге перзент әкелгеннен кейін қандай жеңілдіктерге ие болатынын білесіздер: жұмыс орны сақталып, үш жыл декреттік демалысқа шығады, тиісті төлемдер алады. Жас аналарға өте жақсы жағдай жасалып отыр. Мен Батыста, атап айтқанда, Швейцарияда жұмыс істеген кезде осы мәселені зерделедім. Швейцарияда және басқа да Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ, – дейді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, инновацияларды қарқынды түрде игеру, ем-дом шараларының жоғары стандартына көшу, сондай-ақ баға мен қызмет сапасының теңгерімін сақтау арқылы еліміз медициналық туризмнің өңірлік орталығы ретінде танылып келеді.
Айта кетейік, Ақордада Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленген.
Жаңа Конституцияда «ұлт саулығы» ұғымына алғаш рет назар аударылды.
Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы да пікір білдірді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді.
Биылдың өзінде медицина мамандарының жалақысын өсіруге 33 миллиард теңге бөлінген.
Ал Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың есімі беріледі.