Жас арыстанды пойыз купесімен тасымалдамақ болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Иесі мысық ретінде рәсімдеп пойыз купесі арқылы тасымалдамақ болған 9 айлық арыстанды Уралда пойыздан түсіріп тастады, деп хабарлады РИА Новости.

Жас арыстанды пойыз купесімен тасымалдамақ болған

50 келілік арыстанның иесі оны мысық ретінде рәсімдеп тасымалдамақ болған. Алайда жолда тұмылдырықсыз жануарға ие бола алмай қалды. «Көлік полицейлері келгенде, иесі өз жануарына ие бола алмай қалғанын көрген», - делінген таратылған хабарламада.

Жануарды ұйықтатып, кәсіби үйретушінің көмегімен пойыздан алып шықты. Енді жануардың иесіне 9 айлық арыстанды мысық ретінде рәсімдеп, пойыз купесі арқылы неге алып шыққанын түсіндіруге тура келеді.

«Сондай-ақ, оны тексерусіз вагонға кіргізген темір жол қызметкерлеріне де бірқатар сұрақ қойылатын болады», - деп жазды РИА Новости тиісті ведомствоға сілтеме жасап.

Бұл Ресейде жыртқышты пойыз арқылы тасудың алғашқы жағдайы емес. Мәселен, қаңтар айында Санкт-Петербордан Мәскеуге келген пойыздан арыстанның баласы болған тор табылыпты. Ол жолы тасымалдауға рұқсат берілген еш құжат болмаған екен.