Жас атлеттер Олимпиаданың 4 жолдамасын жеңіп алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4-5 шілде күндері Таиланд астанасы Бангкок қаласында III жасөспірімдер Олимпиадасының Азия аймағы бойынша іріктеу бәсекесі өтті.Бұл туралы ҚазАқпарат ҰОК-нің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алғашқы жарыс күні үш жерлесіміз жолдамаға ие болды. Олар: Ефим Тарасов (400 м), Анастасия Глухарева (үш қарғып секіру), Александра Залюбовская (400 м).
Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары қазан айында Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтеді. Осыған байланысты іріктеу құрлықтық іріктеу Бангкок қаласында ұйымдастырылды.
Ұлдардан Таиландқа 10 спортшы барған. Олардан тек 400 метрге жүгірген Ефим Тарасов жолдамаға иелік етті. Бұл қашықтықта Тарасовпен бірге Кирилл Григорян жүгірген.
Ефим финалда мәреге 48.99 секундта жетті. Ол тек шри-ланкалық Мадусан Богодадан қалып қойды (48.58 сек.). Бес орынға дейін квота қарастырылған.Алғашқы жолдама елімізден Тарасовқа бұйырды. Григорян жетінші келгендіктен, лицензиядан тыс қалды.
Ал қыздар арасындағы 400 метрге жүгіруден Азия құрлығына тек екі квота бөлген. Алты спортшы таласқан жолдама қытайлық Рао Цинью (55.78 сек.) мен қазақстандық Александра Залюбовскаяға (56.21) бұйырды. Отандасымыз қатысушылардың арасындағы ең жасы. Ол өзінің жеке рекордын 0,18 секундқа жаңартып, мәреге екінші келді.
Үш қарғып секіруден де екі жолдаманың біреуін қазақстандық атлет жеңіп алды. Анастасия Глухарева өзіне берілген мүмкіндіктердің бірінде 12.70 метрге секірді. Бұл оның жеке рекорды. Өзбекстандық Роксана Худоярова осы сайыстың жеңімпазы атанды (13.21 м).
Биылғы жылы республикалық мектептер арасындағы спартакиадада топ жарған Анастасия Трифонова200 метрге жүгіруден Қазақстан құрамасына төртінші жолдаманы сыйлады.
Іріктеуде 16 жастағы спортшы аталған қашықтықты 25.34 секундта жүгіріп, мәреге төртінші келген. Финалда бесінші орын алды (25.68). Дегенмен Аргентина астанасындағы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына баруға бұл көрсеткіші жеткілікті болды.