Жас балуандар әлем чемпионатында табысты өнер көрсетті - ҚР Күрес федерациясы
АЛМАТЫ.Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат/Ербол Азанбек/ - Қазақстандық жас балуандар 4-10 тамыз аралығында Анкарада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 1 алтын, 2 күміс медаль иеленді. Соңғы рет бұндай табысқа жас балуандар 2003 жылы жеткен еді.
Бұл туралы бүгін Алматыда әлем чемпионатының қорытындылары туралы есеп берген ҚР Күрес федерациясының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Соңғы уақытта жас балуандар еліміздің намысын лайықты қорғауда. Осыдан бірер ай бұрын Манилада Азия чемпионаты өтіп, жастарымыз 16 медаль иеленген еді.Сол жарыста алтын медаль алған Артур Үмбетқалиев Анкарада да топ жарып, әлем чемпионы атанды. Күміс жүлде Досждан Қартықов пен қыздар арасында сынға түскен Зүлфия Яхиярованың еншісінде. ҚР Күрес федерациясы өкілдерінің айтуынша, бұндай жетістіктерге жету үшін федерация тарапынан 4 жылдық арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда.Жобаның басты мақсаты қазақстандық күрес мектебін әлемдік деңгейге жеткізу.