Жас дәрігерлерді ауылға жұмысқа бағыттауды қарастыратын заң жобасы әзірленді - С.Қайырбекова

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Медициналық жоғары оқу орнында грант бойынша білім алып шыққан жас дәрігерді үш жылға ауылға жұмысқа бағыттауды қарастыратын заң жобасы әзірленді.

Жас дәрігерлерді ауылға жұмысқа бағыттауды қарастыратын заң жобасы әзірленді - С.Қайырбекова

Бұл туралы бүгін «b-news» порталында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековамен өткен он-лайн конференцияда мәлім болды.

С.Қайырбекованың пікірінше, жас дәрігерлерді ауылға жұмысқа жіберу мәселесі нормативті түрде реттелуі қажет. Сол себепті, жас дәрігерге оқуын тәмамдағаннан кейін мемлекеттік шығынды үш жыл бойғы жұмысымен министрлік нұсқаған жерде өтеуді міндеттейтін тармақ ҚР «Білім туралы» заң жобасына енгізіліп, ол бүгінгі күні Мәжілісте қаралып жатыр. «Кезінде өзіміз де жолдамамен жұмысқа барғанбыз», - дейді министр.

Ал егер студент (грант бойынша білім алған) жолдама бойынша жұмыс істеуден бас тартса, аталмыш заң жобасына енгізілген жаңа тармаққа сәйкес, одан мемлекеттің жұмсаған шығыны толығымен өндіріп алынады.

«Заңның кері күші жоқ. Біз үшін биылғы жыл аса маңызды да, жауапты», - дейді министр.

Дәрігер болуды қалаған ауыл жастарына тоқталған С.Қайырбекова, медициналық мамандықтарға бөлінетін барлық білім гранттарының 30 пайызы ауыл жастарына тиесілі екендігін айтты. «Оларды квотаны алған елді мекенде жұмыс істеуге міндеттейтін қаулы қабылданды», - дейді ол.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, енді өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары бастықтарының орынбасарлары қанша және қандай студент қай ауылға барып жұмыс істейтіндігі туралы мәліметтерді алдын ала жинайтын болады. «Олар жатақханаларда болып, әңгімелесіп, жұмысқа жіберілетін медициналық нысандарды алдын ала көрсетуі тиіс», - деді.