Жас дарындар туралы «Дара» деректі фильмі жарыққа шығады

АСТАНА. KAZINFORM – Президент телерадиокешені елімізді әлемге әйгілі етіп жүрген жас дарындар туралы деректі фильм түсірді. Ол Jibek Joly телеарнасында бүгін сағат 12:45-те көрсетіледі. 

Жас дарын
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Президент телерадиокешені дайындаған «Дара» деректі фильмінде пән олимпиадалары мен робототехника жарыстарынан әлемдік деңгейде жүлдегер атанып жүрген жас дарындар туралы айтылады. Сонымен қатар Қазақстанды танымал еткен олимпиада және жарыс жеңімпаздарының ата-аналары, жетекшілері және сарапшы-ғалымдар сұхбат береді.

Қазақ тіліндегі деректі фильмнің ұзақтығы – 13:23 минут. 

Айта кетейік, биыл қазақстандық дарынды жастар әлемнің түрлі елінде өткен пәндік олимпиадаларда 26 медаль иеленіп, ел абыройын асқақтатты. 

Жас дарын
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 3 қазанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II республикалық форумында балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттау қажеттігін баса айтқан еді. 

«Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек», - деді Президент.

Сондай-ақ биыл қыркүйекте қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды. 

Қазанда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент тапсырмасына сәйкес халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар