Жас дипломат Әйгерім Сейсембаева: Дипломат адамдардың жүрегін жаулай білуі керек
- Неліктен дипломат мамандығын таңдадыңыз?
- Дипломат болуды бала кезімнен армандаған едім. Бұл мамандық мен үшін әрдайым шебер әрі әсем өнердің синонимы болған. Менің ойымша, шынайы дипломат білімді, жақсы әзіл-оспақ сезімі бар, кез келген адамды өз көзқарасының дұрыстығына сендіре отырып, өз мемлекетінің және отандастарының мүдделерін ілгерілетуге септігін тигізетін адам. Кәсіптік қызметімнің бір кезеңінде осы өнерді толықтай игере аламын деп үміттенемін.
- Қазіргі қызметіңізде қандай міндеттерді атқарасыз?
- Дипломатиялық қызметте болған уақыт бойы мен Қазақстанның оң имиджін шетелде ілгерілету, яғни пиар саласында жұмыс істедім. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу, шетелдіктер аудиториясына арналған материалдарды дайындау, белгілі оқиғалар туралы СІМ-нің ұстанымын қалыптастыру кіреді. Бұл сала өте ауқымды және саясат, экономика, мәдениет, спорт және т.б. салаларында хабардар болуды талап етеді. Менің ойымша, бұл сала ең қызықты әрі серпінді.
- Жұмысыңыздағы ең қызықты әсерлі эпизод туралы айтып беріңіз.
- Жоғарыда айтқанымдай, дипломатиялық қызмет саласы өте қызықты. Ол тыныштық пен бірқалыптылыққа орын қалдырмайды. Біз әрдайым жинақы, жылдам әрі кез келген форс-мажорға дайын болуымыз керек. Кейбір әріптестерім тіпті кез-келген тапсырманы орындаудың мерзімі кеше болған деп қалжыңдайды. Бұл фраза қызметіміздің ерекшелігін айқын көрсетеді. Сондықтан біздің қызметіміз әрқашан да қызықты, көңіл толқытатындай әсерлі деп айтуға болады.
- Кәсіби қазақстандық дипломаттың имиджін қалай сипаттайтын едіңіз?
- Менің ойымша, мұнда имиджді айту толықтай дұрыс емес. Ең алдымен, дипломаттың көрінуі емес, болуы керек. Адал, білімді, еңбекқор, жауапты және өз ісін білуі керек. Сондай-ақ, адамдардың жүректерін билеу қабілеті де маңызды. Сонымен бірге, кем дегенде бір шет тілін толықтай меңгермеген қызметкер дипломат деп атана алады ма?
- Келесі 26 жыл ішінде Қазақстанның халықаралық позициясына қатысты көзқарасыңыз туралы айтып беріңіз.
- Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықаралық аренада беделді орынға ие болды. Бұған мемлекетіміздің ойластырылған көпвекторлы саясаты мен бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті алға жылжытуға ұмтылысы үлес қосты. Алдағы 26 жылда Қазақстанның халықаралық істердегі рөлі одан да нығая түседі деген ойдамын.