Жас екібастұздықтарға арнап футбол және спорт алаңдары салынады

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Ағымдағы жылы Екібастұзда балаларға арналған алты спорттық-ойын алаңы мен футбол алаңы салынады.

Жас екібастұздықтарға арнап футбол   және   спорт  алаңдары салынады

Бұл туралы Дене шынықтыру және спорт бөлімінен хабарлады.

Бүгінде қала мен қала маңындағы селолық аумақта 210 спорттық нысан, атап айтқанда 2 спорт кешені, стадион, 62 спорт зал, 5 бассейн, 15 тир, ипподром, 115 спорттық алаң, 9 хоккей корты жұмыс істеп тұр. Бес мың баланы спортқа баулып отырған 5 спорт мектебі тағы бар.

Былтыр қаланың алты муниципальдық округінде балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынды.Олардың құрылысына қалалық бюджеттен 13,5 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ спорттық-бұқаралық жұмыстарды ұйымдастыру үшін спорт нұсқаушыларының қосымша алты ставкасы енгізілді. Жол картасының аясында №1 балалар спорты мектебі жөндеуден өткізілді.

Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту жұмыстары биыл да жалғасын таппақ.