Жас қаламгерлерге арналған Президенттің әдеби сыйлығы тағайындалады – министр Оралов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл жас қаламгерлерді қолдау мақсатында арнайы Президенттік әдеби сыйлығы тағайындалатын болады. Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Асхат Оралов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төл әдебиетімізді жаңа дүниелермен толықтырып, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайту, отандық әдебиетке, баспа ұйымдарына тың серпін беруді көздейтін «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалды. Бұл бастамалардың бәрі отандық өнерге, мәдениет пен әдебиетке тың серпін сыйлаған жобаларға айналды. Рухани қазынамыз көптеген жаңа туындылармен толықты.

Ендігі кезекте осы игі дәстүрді одан әрі өрістету мақсатымен биыл жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында арнайы Президенттік әдеби сыйлығы тағайындалатын болады», - деді Асхат Оралов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта мәдениет саласының қызметкерлері үшін халықаралық форум өтеді.

«Сонымен қатар мәдениет қызметкерлерінің халықаралық форумын ұйымдастырамыз. Бұл сала мамандарының біліктілігін арттырып, халықаралық тәжірибені игеруіне мүмкіндік береді. Осы айтылған жұмыстардың жоғары деңгейде жүзеге асуына зиялы қауымның белсенді қатысуы өте маңызды. Қоғам мен жастардың тәрбиесінде аға буынның атқаратын рөлі зор, алатын орны ерекше», - деп түйіндеді министр.

Еске салайық, экс-министр Дәурен Абаев жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық 18 – 29 жас аралығындағы авторларға берілетінін айтқан болатын.

Бүгінгі алқа мәжілісте Асхат Оралов, сондай-ақ былтыр шет елдерден Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан астам құжат әкелінгенін атап өтті.


Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар