09:54, 18 Мамыр 2009 | GMT +5
«Жас қанат - 2009» республикалық ән байқауының бас жүлдесін семейлік Әсем Омарова жеңіп алды
АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше Астанада жас орындаушылардың «Жас қанат-2009» XVIIІ республикалық байқауы өз мәресіне жетті.

Ән байқауының алтын жүлдесін семейлік әнші Әсем Омарова жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кетейік, атыраулық Әсел Әбдірахманова, алматылық «Melo?men» тобы, қостанайлық Татьяна Ким, семейлік Әсем Омарова және павлодарлық Гүлия Айдарханова, мамырдың 16-сы күні өткен жартылай финалда петропавлдық Алена Аллахвердиеваның, алматылық Әлия Аюбтың, батысқазақстандықтар Ербол Ақбасов пен Таңат Жексенбаевтың алдын орап, ақтық сайысқа жолдама алған болатын.Үш күнгі ән додасының нәтижесінде «Жас қанат -2009» республикалық байқауының бас жүлдесі ? «Алтын қанатты» Семей қаласының әншісі Әсем Омарова иеленді. Мүсіншені Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рақымжанов табыстады. «Күміс қанат» Әсел Әбдірахмановаға, «Қола қанат» «Melo?men» тобына бұйырды. Ал Г. Айдарханова мен Т. Ким байқау дипломанты атағына ие болды. Байқауға қатысушылардың барлығы (13) демеушілердің, ақпараттық қолдау көрсетушілер мен жеке тұлғалардың тағайындаған қаржылай, заттай және тағы басқа сыйлықтарына ие болды. Мысалы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров Төлеген Ғабдірахманов пен Татьяна Кимді елордада түсіріліп жатқан «Өмір-ай» фильмінің басты рөлдеріне шақырса, Е.Ақбасов болашақта түсіретін, музыкалық бейне клипін «Еларна» телеарнасында тегін ротациялау мүмкіндігіне ие болды. Ал Астана қаласы әкімінің қаржылай сыйлығы Т.Кимге берілді.