«Жас қанат 2019» байқауына Ақмола облысынан қатысатын әнші анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жас әншілер арасындағы «Ақмола жас қанат» алғашқы байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас қанат 2019» байқауына Ақмола облысынан қатысатын әнші анықталды

Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасынан мәлім еткендей, Жастар жылы шеңберінде ұйымдастырылған байқауға облыстың әр өңірінен жиналған 34 жас әншінің 18-і ғана финалға жолдама алды.

Кіл мықтылардың арасында Көкшетау қаласының үкілі үміті Әділ Балтабаев жеңімпаз болды. Ол «Жас қанат 2019» республикалық байқауына қатысуға жолдама алды.

Сахнаға шыққан қатысушылардың барлығы көрерменнің көңілінен шықты.

«Олардың арасында «Родина» вокалдық-аспаптық ансамблі, «Гармония» хоры, Айнамкөз Тәшенов, Ақтоты Сәдуақас және Олеся Анищенко арнайы дипломдармен марапатталды», - дейді Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, жас таланттардың «Жас қанат» байқауы алғаш рет 1992 жылы Алматыда өтті. Бұл байқаудың «Азия дауысынан» айырмашылығы мұнда тек қазақстандық жас орындаушылар ғана қатыса алады. Тағы бір ерекшелігі, ол бір рет өнер көрсеткен адам екінші рет қатыса алмайды. Яғни, жыл сайын жаңа жұлдыздар жанады.