Жас қазақстандық дарындар Мәскеуде Халықаралық балалар фестивалінде Гран-при жеңіп алды
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде «Өнер планетасы» («Planet of arts») VI Халықаралық балалар шығармашылық форумы және фестиваль-байқауы өтті.
Фестиваль тақырыбы әлем халықтарының музыкасы, биі, әндері, сәні мен қолөнері болды. Фестивальға Мәскеуден, Ресей өңірлерінен, таяу шетелден 500-ден астам балалар қатысты. Олар өз елдерінің мәдениетін ұсынды. Форум-фестивальдің басты мақсаты - түрлі елдердің мәдениетін насихаттау, өзара тәжірибе алмасуға жәрдемдесу, балалар арасында шығармашылықты дамыту.
«Қалалар өмірі» фестивалі комитетінің бас директоры Галина Скворцова атап өткендей, «бұл форумның мақсаты - балалардың әлемдік мәдениетке қызығушылығын арттыру, олардың өзіне тән ерекшеліктерін көрсету».
«Біз Қазақстанмен белсенді жұмыс жүргізудеміз. Ол елдің балалары өте дарынды, тамаша әрі сүйкімді», - деп қосты ол.
Фестивальға Қазақстаннан қатысқандар: Семейдегі №2 музыкалык мектебінің әнші-вокалисі Назерке Төлеубекова, Расул Серікжан, сондай-ақ осы қаладағы «Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған балет мектебі» КМҚК хореографиялық ансамблі.
Фестиваль қорытындысы бойынша Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған балет мектебі жоғары көркем шеберлігі, әлем елдері мәдениетін насихаттағаны, барлық елдер арасында достық пен келісімді қолдағаны үшін «Классикалық хореография» номинациясының Гран-приін ұтып алды, сонымен бірге әлем халықтарының ұлттық мәдениетін насихаттағаны және көрсетілген жоғары көркемдік деңгейі үшін «Халық биі» аталымының бірінші дәрежелі дипломын иеленді.
«Біз Мәскеуге Қазақстанның беделін арттыру үшін келдік», - деп атап өтті мектеп басшысы Камилия Ысмаилова.