Жас қазақстандық гимнасшылар Болгарияда өткен жарыстан 7 медальмен оралды
АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Алматы қаласының «Меңсұлу» көркем гимнастика мектебінің тәрбиеленушілері Болгарияның Стара Загора қаласында өткен «Берое» кубогы үшін IV Халықаралық жарыстан олжалы оралды, деп хабарлады ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметі.
Команданың еншісінде - 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль. Ағымдағы жылдың 10-ы сәуірінен 15-іне дейін өткен Халықаралық жарыста 8 мемлекеттен келген (Қазақстан, Ресей, Украина, Болгария, АҚШ, Германия, Румыния, Мысыр) 13 команда қатысты.
Жарысты Болгария көркем гимнастика федерациясы мен «Берое» көркем гимнастика клубы ұйымдастырды.