Жас қызды судан құтқарған Артемге медаль тапсырылды

Осындай бір төтенше оқиға таяу күндері Қостанай облысында орын алды, деп хабарлайды Қостанай облыстық ТЖ жөніндегі департамент баспасөз қызметінен. Суға батып бара жатқан жас қызды судан құтқарған Артем есімді жиырма жасар жігіт судан құтқару мекемесінің маманы да емес, ол Қостанай ауданының Садовый ауылындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Маусым айының ортасында осы ауылдың кішкентай тұрғыны 12 жасар Гүлмира Әмірғалиеваның суға кетіп қалып, оны Артем Колесниченконың құтқарып қалғаны туралы жергілікті телеарналардан көрсетілген болатын. Оқиғаны қысқаша айтар болсақ, сол күні кешкі жетілер шамасында суға түсуге келген Артемға оқушыларының бірі келіп, Гүлмираның суға кетіп қалғандығын жеткізеді. Сол сәтте жас жігіт ойланбастан суға қойып кетеді де, екі жарым метрдей тереңдікте жатқан қызды алып шығады.
Ал, облыстық судан құтқару қызметі мекемесінің бастығы Сергей Степаненконың айтуынша, мұндай жағдай, яғни жиырма минут бойы судың астында жатқан адамның тірі қалуы сирек кездесетін жәйт. Шынында да, Гүлмираның көрер күні алда екен, екі ай бойы жан сақтау бөлімінде жатқан қыз жақында үйіне шықты. Қазір жағдайы аса жаман емес, тек асқазаны ғана әлі қалыпқа келмей жатқан көрінеді. Артем болмағанда Гүлмираның аман қалуы да екіталай еді. Себебі, судың жағасында сол күні ересек адамдар да болған көрінеді.
Олар төтенше жағдай мамандарына қоңырау шалып, жедел-жәрдем көлігін шақырудан аспаған. Ал, Артем болса, еш ойланбастан суға сүңгіп, кішкентай қызды құтқарып қалды. Он екі жасар қыздың жанына араша болып, тілсіз жаудың тырнағынан сақтап қалған оның ерлігін әріптестері де ұмытқан жоқ. Кеше жас жігітті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылары ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Әрине, Артем бұл құрметке әбден лайық. Десек те, жас жігіт бұған масаттанбай, медаль алғанына емес, адамды ажал тырнағынан аман алып қалғанына қуанады.
«Аяқ астынан болған оқиға ғой. Бір жағынан балаларға сабақ беремін, оқушыға деген жауапкершілікті сезінгендіктен болар, еш ойланбастан бел буғаным да. Қиналған кез келген адамға жәрдемдесу әр ер азаматтың парызы деп білемін», - дейді Артем Колесниченко.