Жас мамандардың өндіріске бейімделуі ұзаққа созылады - Жас ғалымдар кеңесі

«Қазіргі кезде универсиеттердің барлығы дерлік индустрияға қажет, ал, ең бастысы, соған сай мамандарды дайындап жатыр деп айтуға болмайды. Индустрияның өзі нақты бір мамандарды қаласа да, бүгінгі оқу бағдарламалары ондай қызметкерлерді даярлауға сай келмейді. Бір сөзбен айтқанда, ескіріп қалған. Осының салдарынан өндіріске келетін бакалавр маманы тағы бес жылдай бейімделеді. Демек, төрт жыл оқиды, бес жылын тағы бейімделуге кетіреді. Сөйтіп, бақандай тоғыз жылдан кейін бір нәрсені істей бастайды. Бұл - тым ұзақ процес. Қазіргі нарық заманы ондайды көтермейді», - дейді Томанов.
Оның айтуынша, бүгінде ақпараттық теxнологиялар саласындағы инновацияларды өндіріске енгізу үшін жеті жылдай уақыт қажет. Ал кейбір қытайлық компаниялар ол жұмысты алты айдың ішінде іске асырып жатады. «Соның бәрі қытайлық компаниялардың қолынан келсе, бізге олардың тәжірибесін өз елімізде неге енгізбеске? Әрине, бұл жерде ғалымдардың еңбегі зор. Себебі олар нақты өндіріске қатысты сараптама жасап, тиімді әрі пайдалы ұсыныстар жасай алады. Мысалы, біздің ұлттық компанияларымыз белгілі бір теxнологияны сатып алады. Бірақ ол ескірген болып шығады. Ондай оқиғалар аз емес. Ал ғылым мен өндіріс арасындағы мықты байланыс орнатылса, заман талабына сай теxнологияларды алуға болады. Себебі ғалымдар оның бәрін сараптап отырады», - деп атап көрсетті жас ғалымдардың басшысы.