Жас мемлекеттік қызметкерлерді ғылыми зерттеулерге кеңінен қатыстыру керек - Б.Әбдірәсілов
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторанттары мен магистранттарын мемлекеттік басқару саласындағы зерттеулерге белсенді қатыстыру маңызды.
Бұл туралы бүгін «Интеллектуалды көшбасшы:Қазақстан дамуының жаңа кезеңі» атты тақырыпта өткен халықаралық конференцияда Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов мәлім етті.
Ректордың айтуынша, академияның көптеген магистранттары мен докторанттары оқу барысымен қатар, әртүрлі жұмыс топтарына да белсенді қатысып, онда заңнамалық бастамаларды, нормативтік-құқықтық құжаттарды талқылауға араласады. «Менің ойымша, бұл біздің магистранттар мен докторанттардың зор жетістігі. Өйткені, ғылыми-әдістемелік қамтымдылық болмай, Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын тиімді жүзеге асыру да мүмкін емес. Сондықтан да, жас мемлекеттік қызметкерлерді ғылыми зерттеулерге кеңінен қатыстырып, оларды зерттеу ісіне мейлінше тарту аса маңызды», - деп атап өтті Б. Әбдірәсілов.
Жиын барысында академия докторанттары мемлекеттік басқару саласындағы ғылыми зерттеулердің заманауи әдістері туралы баяндамалар жасады. Сонымен қатар, Қазақстанда ақпараттық қоғам құрудағы ақпараттық технологиялардың атқаратын рөлі туралы әңгіме қозғалды.