Жас музыканттар камералық музыка байқауында үздік шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде камералық музыка орындаушыларының «CHAMBER Music Fest» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Байқаудың басты жеңімпаздары – ҚазҰӨУ студенттері. Олар бірден екі номинация бойынша топ жарып, Гран-при мен І орынды иеленді.
16–19 қараша аралығында елордада өткен байқауға Қазақстанның түрлі өңірлерінен академиялық музыка орындаушылары қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – ансамбльдік орындаушылық шеберлікті дамыту, болашағынан үміт күттіретін шығармашылық ұжымдарды анықтау және камералық музыканы кеңінен насихаттау.
Ішекті аспаптар квартеті номинациясында қазылар алқасының ең жоғары бағасына ие болған Таннұр Ақбота (бірінші скрипка), Нұрдана Оразова (екінші скрипка), Елжан Шекербек (альт) және Сұлтанбейбарыс Талғатбек (виолончель) құрамындағы ансамбль Гран-при жеңіп алды.
Ал осы квартетке жас пианист Махаббат Есімжанова қосылып, фортепианолық квинтет құрамында өнер көрсетті.
Нәтижесінде олар камералық ансамбльдер номинациясында І орынға ие болды. Жеңімпаз атанған бес музыканттың барлығы – Құләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен дипломанттары.
Қазылар алқасына Қазақстанның белгілі альтшысы, Федор Мавриди атындағы ішекті аспаптар квартетінің мүшесі, театр тарихы мен Қазақстандағы альт өнері туралы дәрістер оқып жүрген Нұрлан Сағымбаев төрағалық етті. Қазылар жас орындаушылардың ансамбльдік үйлесімін, дыбыс үндестігін, шығармаларды көркемдік тұрғыдан жеткізу шеберлігін және сахналық мәдениетін жоғары бағалады. Сондай-ақ музыканттардың техникалық дайындығы мен өзіндік орындаушылық ерекшелігіне ерекше назар аударды.
Айта кетелік қазақстандық ару Miss Universe байқауында 4,5 метрлік алтын қанат образымен көптің назарын аударған еді.