Жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын ояту барша қоғамның ісі - А. Сәдуақасова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде "Балалар әдебиеті - полимәдениетті қазақстандық қоғамдағы тұлғалардың рухани-адамгершілігін дамыту негізі ретінде" тақырыбында өткен брифинг барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова айтты.
"Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми сарапшылық кеңесі бірнеше ғылыми жобаларды іске асырып отыр. Сол жобалардың арасында қызықты әрі қоғамға керекті тақырып - балалар әдебиетіне арналған жоба. Қазір заман өзгерді, адам өзгерді, қоғам өзгерді дейміз. Сондықтан, әрине, балалардың қызығушылығы да өзгерді. Балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту, олардың қоғамдағы құндылықтарды кітап арқылы тануы да екіталай болып қалды. Елбасы бір сұхбатында "Болашақта кітап оқитын азаматтар компьютер қараған азаматтарды басқарады" деген еді. Өте дәл айтылған сөз. Осы бастама жалпы, балалар әдебиетін зерттеуге арналған. Қазір балаларға сан-алуан әдебиет бар. Бірақ, көбінесе олар электронды жүйеде және интернетте орналасқан. Сондықтан, қазіргі балалардың таңдау еркіндігі көп. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қағидаттарын біле отырып, жалпы, жастарға халқымыздың құндылықтарын дарыта біліуіміз керек. Осы ретте, кітапқа деген сүйіспеншілікті қалай ояту керек, бұрыннан келе жатқан аңыздар мен ертегілер балаларымыздың сана-сезіміне еніп, сол арқылы дәстүріміз қалай жалғасын табуы керек деген мәселелер туындайды. Осы сұрақтарға жауап беру үшін біздің ғалымдар тобы зерттеу жүргізген еді", - деп атап өтті ол. А. Сәдуақасованың айтуынша, ғылыми-сарапшылық кеңес балалардың ертегілерді қабылдау мәселелері бойынша психолингвистика, этнолингвистика аспектілерінде зерттеулер жүргізіп, қазақстандық әдебиет нарығына талдау жасаған. Сондай-ақ "Қазақстандағы балалар әдебиеті: талқылаудан шешімдерге дейін" ғылыми монографиясының концепциясы құрастырылды. "Жалпы, жас оқырмандардың қызығушылығын ояту тек мемлекеттік органдардың, мүдделі органдардың міндеті емес. Ол - қоғам болып, ата-ана, ата-әже болып жасайтын іс. Сондықтан, мына жобаның басты қағидасы - "бірге оқып, бірге сурет саламыз" деген мағынада. Яғни, баланы ата-анасымен бірге кітап оқуға дағдыландыру қажет. Бұны күнделікті дағдыға айналдырсақ, өз баламызға, өз ұрпағымызға ой саламыз. Сондықтан, жобаға тек қана мамандар, тек қана балалар қатысады деген сөз емес. Басқа да әлеутеттік топтар оған тартылуы керек", - деп түсіндірді А. Сәдуақасова.