Жас орманшы жәндіктерге төзімді ағаш түрлерін өсіргісі келеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Екатерина Вибе – Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі. Ол қазір жәндіктер мен құрттарға төзімді болатын сексеуілдің жаңа түрлерін шығарумен айналысып жүр. Бұл туралы ғалым ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен кездесуде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас орманшы жәндіктерге төзімді ағаш түрлерін өсіргісі келеді

«Жастардың қолында біздің Қазақстанды тұрақты дамуға жетелейтін ресурстар шоғырланған. Менің өмір жолым – оқыған және жұмыс істеген адамның жолы. Негізгі кәсіби қызметім Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация институтымен байланысты. Ғалымның еңбегі маңызды және өте қызықты. Орман қорғау саласын таңдағаныма да еш өкінбеймін. Біз әр түрлі жобаларды жүзеге асырамыз. Солардың бірі – жәндіктер мен құрттарға төзімді болатын сексеуілдің жаңа түрлерін шығару. Жоба енді басталды, мұнда орман қорғау, селекция, генетика, биохимия және физиология бойынша зерттеулер жүреді», - деді Екатерина Вибе Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында өткен Экология министрімен кездесуде.

Сонымен бірге жас ғалым зақымдалған өсімдіктердің ерекшеліктерін, олардың генетикалық құрылымын салыстырып, осы жәндіктер тобына ең төзімді өсімдік тұқымын алуды жоспарлап отыр.

«Жас ғалымдарға ауқымды жұмыс жасап жатқандарын айтқым келеді. Қазір бізде әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу институттарында тағылымдамадан өту, халықаралық жобаларға қатысу, қолданбалы және іргелі зерттеулер бойынша гранттық қаржыландыру мүмкіндігі бар», - деді Екатерина Вибе жас экобелсенділер мен ғалымдарға.

Айта кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында эковолонтерлермен, экологиялық факультеттердің студенттерімен кездесті және Қазақстандағы басты экологиялық проблемалар туралы айтып берді.

Экология министрі өткен жылы 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті экономика тұжырымдамасын дайындау бойынша белсенді жұмыс басталып кеткенін еске салды.