Жас өрт сөндірушілердің халықаралық слеті Оралда өтеді (ФОТО)

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, слетке дайындық мәселесі пысықталған кездесуде аталып өтілгеніндей, мұндағы басты мақсат - балалардың бойында қауіпсіздік мәдениетін тәрбиелеу, өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығының беделін арттыру, жұмыс тәжірибелерімен алмасу болып табылады.
Үш жақты жас құтқарушылар слетін өткізу жөнінде БҚО ТЖ департаменті делегациясы Саратов облысы мемлекеттік өрт қадағалау қызметінің 85 жылдығын мерекелеу кезінде бастама көтерген болатын. Бұл идея - үш елдің мемлекеттік өрт сөндіру қызметтері тарапынан қолдау тауып, 2014 жылы Германиядағы Гессен жері Жас өрт сөндірушілері қауымдастығының шақыруымен Орал қаласы жас өрт сөндірушілерінің құрама командасы Бергштрасс қаласында өткен халықаралық слетке қатысты. Бұл Саратов, Орал қалалары және Гессен жері жас өрт сөндірушілерінің алғашқы үш жақты слеті еді. Сосын ол 2015 жылы Саратовта жалғасын тапты.
Кездесуде Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев, БҚО ТЖ департаментінің бастығы Марат Күлдіков, Ресей ТЖМ Саратов облысы бойынша бас басқармасы заң бөлімі бастығының орынбасары Владимир Серебряков және Германия елінің өкілдері Клаус Шплидорф пен Сергей Голод мұндай халықаралық шараны өткізудің маңызы зор екендігін атап өтіп, өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Олардың сөздерінен мәлім болғанындай, өрт сөндіруді ұйымдастыруда үш елде өзгешеліктер де жоқ емес. Мысалы, Қазақстан мен Ресейде өртке қарсы қызмет Ішкі істер және ТЖ министрліктері құрамына кіретін кәсіби ұйым болса, Германияда сонымен қатар ерікті өрт сөндіру қызметі кеңінен таралған. Әсіресе, шағын қалаларда өрт бола қалған жағдайда сол маңдағы адамдар дереу өрт сөндіруге кіріседі. Бұл елде ерікті өрт сөндіруші болу өте беделді.
Кездесу барысында үш елдің қоғамдық ұйымдары арасында меморандумға қол қою жайы да талқыланды. Содан кейін меймандар Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктер жұмысымен танысып, сондай-ақ құтқарушылар полигоны мен өрт сөндіру бөлімінде, өрт-техникалық орталығында болды.