Жас орындаушылардың республикалық байқауы басталды
АНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залында республикалық жас орындаушылардың байқауы басталды.
Екі жылда бір рет өткізілетін республикалық байқауды ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қазақ ұлттық өнер университеті бірлесе ұйымдастырып отыр.
Байқаудың мақсаты - білім алушылардың кәсіби даярлығын арттыру мен дарынды орындаушыларды анықтау арқылы олардың талабын шыңдау және Қазақстанның өнерін насихаттау.
«Шараның тәрбиелік мәні зор деп білем. Шәкірттерді музыка өнеріне баулу, әуенмен бейнеленетін терең тебіреніс толқынын түйсікпен, жүрекпен түсіне білуді үйрету баланың рухани әлемін байытудың бір жолы болмақ. Музыка өнерін меңгерген адам өзге салаларға да бейімделгіш келеді, сондықтан оның тәлім-тәрбилік, рухани маңызы зор», - деді қазылар алқасының өкілі, Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы колледж оқытушысы Ирина Босина журналистерге берген сұхбатында.
Биылғы байқау Астана мен Алматы қалаларында өтпек. Байқау «Ән айту», «Музыка теориясы» мамандықтары бойынша П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде, аспапта орындау мамандықтары бойынша «фортепиано», «скрипка», «альт», «виолончель» аталымдарына сәйкес Астана қаласында Қазақ ұлттық өнер университетінде болады.
Үш айналымнан тұратын өнер додасында Қазақстанның барлық аймақтарынан келген 42 үміткер бақ сынаспақ.
Өнер байқауы 31 наурызға дейін жалғасады.