«Жас Отан» мыңдаған өреннің саяси және өмір мектебіне айналды - Данияр Сүндетбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті IV съезінің қорытынды күні басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 «Жас Отан» мыңдаған өреннің саяси және өмір мектебіне айналды - Данияр Сүндетбаев

Шара «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің Конгресс-орталығында өтіп жатыр. «Жаңа әлемге жол саламыз» атты Гала-форум еліміздің барлық өңірінен келген 1500-ден астам белсенді жасотандықтың басын қосты.

«Бұл съездің тарихи маңызы зор. Себебі, осыдан тура 10 жыл бұрын «Жас Отанның» алғашқы съезі өткен болатын. Осы 10 жылдың ішінде «Жас Отан» Жастар қанаты өзімізде мыңдаған жастың саяси және өмір мектебіне айналды. Бүгінгі съезде өңірлерден келген 600 делегат, 1500-ге жуық белсенді жас бас қосып отыр. Күні кеше жарияланған Бес әлеуметтік бастама (ҚР Президентінің - авт) бойынша барлық ұсыныстарымызды ортаға саламыз. Съезд соңында іс-шарамыздың нәтижесі ретінде қорытынды құжат қабылданатыны жоспарлануда. Съездің тағы бір ерекшелігі бар. Шара алғаш рет виртуалды шындық форматында көрсетілуде. Дәл қазір еліміздегі барлық жасотандық бізбен бірге виртуалды түрде осы залда отыр. Оларға сәлемімізді жолдайық», - деді шараны ашқан «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Данияр Сүндетбаев.

Бүгін де жастар қанаты 150 мыңнан астам жас қазақстандықтың басын біріктіретін бірегей ұйым. Әр облыс, қала және ауданда өз өкілдіктері бар. Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша «Жас Отанның» 230-ға жуық бастауыш ұйымы жұмыс істейді.

Партия қызметін жаңғырту жөніндегі Елбасы тапсырмасы дәл «Жас Отанның» ішкі реформасымен басталғанын айта кету керек. Атап айтқанда, Жастар қанаты өзінің құрылымын, жұмыс тәсілін және орталық кеңсесін түбегейлі өзгерткен. Жұмыстың барлық бағытына жаңа тетіктер мен құралдар енгізілді. Соған орай бастауыш департаменттер мен бөлімдердің орнына жасотандықтар «Жүрек», «Сана» және «Даму» атты үш негізгі бағытқа бөлінді. Соған сәйкес әр бағытқа белгілі бір міндеттер жүктелді. Мәселен, «Жүрек» бағыты ұйым қызметкерлері мен мүшелерінің жан-жақты білім алуы, өсуі және халықаралық ынтымақтастық жұмыстарына жауапты. Ал «Даму» бағыты бойынша еліміздегі барша жасотандықтармен және өз қатарына белсенді жастарды көптеп жұмылдыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, осы бағыт аясында жастар саясатына қатысты партиялық тыңдаулар өткізіліп, әлеуметтік зерттеулер жүзеге асырылмақ. Ал республикалық деңгейдегі ірі жастар жобаларымен айналысатын «Сана» бағыты «Жас Отанның» идеологиялық жұмыстарына жауапты.

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев съезге қатысушы жастарға өз құттықтауын жолдады. Оны съезд делегаттарына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. 

Айта кетейік, кеше Астанадағы Конгресс-орталықта «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі басталды. Биылғы шара жаңа форматта ұйымдастырылып отыр. Шара барысында Орталық кеңестің жаңа мүшелері сайланды. Олардың ішінде «Ninety оne» тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев те бар.

«Жас Отанның» кейбір мүшелері ондай шешімге қарсылық білдірді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев аталған мәселе бойынша пікірін білдірді.