«Жас Отан» ұйымының өкілдері мінез-құлқы қиын жастардың көмегімен еліміздің мәдени құндылықтарын жаңғыртпақ
АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жаз айларында «Жас Отан» ұйымының өкілдері республикадағы мінез-құлқы қиын жастарды тарта отырып, еліміздің мәдени құндылықтарын жаңғыртатын болады.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте осы істі ұйымдастырушылар мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстанның «Табиғат» экологиялық одағы қауымдастығы мен кәсіпорнының президенті Мэлс Елеусізовтің айтуынша, жазғы демалыс айларында, «Жас Отан» ұйымының 960 мүшесі мен еліміздің әр аймағынан жиналған мінез-құлықтары қиын 300 жас «Алтын Емел» ұлттық бағында болып, ондағы жөндеу, жаңғырту жұмыстарымен айналысады. «Ұлттық бақ Қапшағай су қоймасының солтүстік жағында орналасқан. Онда «Бесшатыр» қорғандар кешені бар. Бұл бұрындары Сақ тайпасы мекендеген киелі аймақ. Осында Тұмар ханымның мүрдесі жерленген деген де дерек бар. Мұнда барлығы 33 қорған болса, осы күні олардың барлығы да ұры-қарылардың олжасына айналып кете жаздап тұр. Олардың бірқатарын Кеңес үкіметі тұсында археологтар келіп зерттеген. Ал кейбіреулерін трактордың көмегімен жай ғана сүріп тастаған кездері де болды. Бұл әрине жабайылық, біздің ата-бабамыздың рухына деген аюандық көзқарас десек те артық айтқандық емес. Міне тап осындай жағдайлардан хабардар болған соң маған бұзылған қорғандары қайта қалпына келтіру керек деген ой келді», - деді М.Елеусізов. Оның сөзіне қарағанда, бұл істі жүзеге асыру үшін ұзақ уақыт дайындық қажет болды. «Сөйтіп, өткен жылы біз мінез-құлқы қиын жастармен арнайы экспедиция және лагерь ұйымдастырған болатынбыз. Алайда бізге ол уақытта қорғандардың аймағына кіруге рұқсат етілмей, 15 күн бойы бақтан тыс жерде тұрдық. Аймақты тазалап, жөнге келтіргенімізбен біз негізгі мақсатымызды орындай алмадық. Ал өткен жылдың күзіне қарай біз бақ аумағына кіріп, онда қандай жұмыстар атқару қажеттігін анықтадық. Биыл осы жоспарларымызды жүзеге асырсақ деген ой бар», - деді экологиялық одақтың президенті. Экспедицияны ұйымдастырушылардың айтуынша, онда баратын жастардың барлығы еліміздің түкпір-түкпірінен құзырлы органдардың мәліметтері негізінде іріктеп алынды. Ал лагерьде олар шілде мен тамыз айларында екі ай уақыт болып, әр он күн сайын жастар құрамы өзгертіліп отырмақ. «Бұл сонымен қатар дағдарыс кезеңінде жастарды жұмыспен қамту және оларды патриотизм мен отансүйгіштікке тәрбиелеу шарасы болып отыр және ол Елбасының Жолдауы аясында жүзеге асырылуда», дейді «Қазақстан жастарының конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Нұрлан Сыздықов. Шараны Қазақстанның «Табиғат» экологиялық одағы қауымдастығы мен кәсіпорны, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының штабы, Білім және ғылым министрлігінің Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаменті мен «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты «Жас Отан» ұйымы бірлесіп атқармақ. Осыған орай олар бүгін өзара бірлесіп қызмет ету жөніндегі меморандумға қол қойды.