«Жас Отан» жастар қанаты жол қауіпсіздігі проблемасына арналған жиын өткізді
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін елордада «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемалары және оны шешу жолдары» атты тақырыпта дөңгелек үстел жиыны болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында жолда орын алатын апаттарды шешу шаралары қарастырылып, осы мақсаттағы мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының бірлескен жұмыстары жайы талқыланды. Басқосуда Ішкі істер министрлігі Жол полициясы комитетінің төрағасы Өмірзақ Түсімов құқық қорғау органдары тарапынан жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар туралы әңгімелеп берді. «Министрліктің қолға алған бірқатар жұмыстары нәтижесінде соңғы жылдары жолдағы апат жағдайы біршама азайып отыр. Мәселен, 2008 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары алдыңғы жылдармен салыстырғанда 13,8 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, осындай апат салдарынан көз жұмған адамдардың саны да 23,2 пайызға азайып отыр. 2007 жылы жол апатынан қайтыс болғандар саны 4 мың 365 адамды құраса, былтыр 3 мың 351 адам көз жұмған», деді Ө. Түсімов.
Комитет төрағасының айтуынша, ағымдағы жылдың көрсеткіштерінен жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат алушылардың саны да біршама төмендегені байқалады. Осы тұрғыда Ө. Түсімов жолдағы қауіпсіздікті арттыру шараларында жастар ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен бірігіп атқарылған жұмыстардың нәтижелі болатынын алға тартты.