Жас отбасы ата-анадан бөлек тұруы керек пе: қазақстандықтар не дейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың 79%-ы жас отбасы ата-анасынан бөлек тұруы керек деп есептейді. Сонымен қатар респонденттердің 91,5%-ы ата-ананың көмегін пайдалы санайды, деп хабарлайды Қазақстандық қоғамдық даму институты.

отбасы
Фото: Pixabay

Бұл деректер институт жүргізген «Қазақстан отбасылары – 2026» зерттеуінде келтірілген. Сауалнамаға 3 мың респондент қатысқан.

Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың басым бөлігі жас отбасының жеке өмірін қалыптастырып, дербес өмір сүргенін қолдайтынын көрсетеді.

– Жас отбасы үшін жеке өмірін қалыптастыру мен ата-ананың қолдауын сақтау бір-біріне қайшы емес. Бұл дербестік пен ұрпақтар арасындағы байланысты қатар сақтауға болатынын көрсетеді, – делінген зерттеу қорытындысында.

Осылайша, респонденттердің 79%-ы жас жұбайлардың ата-анасынан бөлек тұруын қолдаса, 91,5%-ы үлкендердің көмегін пайдалы деп бағалаған.

Айта кетейік, АӘК алатын отбасыларға жұмыс табуға да мүмкіндік беріледі.