Жас отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға 10 млрд. теңге нысаналы трансферттер көзделген - Өңірлік даму министрлігі
АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Жас отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне ағымдағы жылы 10 млрд. теңге нысаналы трансферттер көзделген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 1 қазан жағдайына 8,2 млрд. теңге бөлініп, 7,2 млрд. теңге немесе 87 пайыз игерілген.
«Игерудің төмен көрсеткіші Маңғыстау облысында - 54 пайыз немесе бөлінген 500 млн. теңгенің 232,2 млн. теңгесі игерілмеген», - деп тоқталды Қ. Өскенбаев.
Оның мәліметінше, бұған себеп, Ақтау қаласындағы нысандағы жұмыстар тоқтатылып, қаржы полициясы органдарының тексеруінен кейін ғана қайта жалғасқан. Маңғыстау облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, бөлінген қаражат жыл соңына дейін толық игерілетін болады.
«2013 жылға жас отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары - 117 мың шаршы метр (1,6 мың пәтер). 9 айдың ішінде көлемі 40,7 мың шаршы метр 680 пәтер немесе жылдық жоспардың 35 пайызы салынды. Бұл ретте, 6 облыста - Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодарда мерзімінен бұрын 2012 жылы жас отбасылар үшін көлемі 28,2 мың шаршы метр болатын 526 пәтер салынғанын атап өту қажет. Осыларды қоса есептегенде, көлемі 68,9 мың шаршы 1206 пәтер немесе жоспардың 59 пайызы салынды», - деп атап өтті вице-министр.
Оның айтуынша, жас отбасылар үшін жалға берілетін қалған тұрғын үйлерді пайдалануға беру биылғы қараша-желтоқсан айларына жоспарланып отыр.