Жас отбасылар жалдамалы үйді жеңілдікпен алады

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жас отбасыларға тұрғын үй жеңілдікпен беріледі, деп хабарлады "Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің" баспасөз қызметі pm.kz  сайтына.

Жас отбасылар жалдамалы үйді жеңілдікпен алады

«Жаңа бағдарламаның тұрғын үй құрылысының бұрынғы бағдарламасынан айырмашылығы, мұнда  азаматтардың барлық санаттары үшін құрылыс салудың және жалгерлік тұрғын үйлерді сатудың жаңа бағыттары жүзеге асырылады, әрі жас отбасылар үшін жеңілдіктер жасалады», - делінген ТҚЖБ хабарламасында.

Азаматтардың барлық санаттарына берілетін жалгерлік тұрғын үй құрылысының шарты  бойынша, тұрғын үй құрылыс жинағы жинақталу мерзімі ішінде бағдарлама қатысушысы жалгерлік үйде тұрып, ең төменгі жалгерлік ақы - шаршы метріне 100 теңгеден төлеп отырады.

Жалгерлік тұрғын үй құнының 50 пайызы жинақталғаннан кейін, бағдарлама қатысушысы пәтерді жинақталған тұрғын үй құрылысы жинағы есебінен, 15 жыл мерзімге жылдық ставкасы  4-5 пайыз болатын тұрғын үй займымен  сатып алады. ТҚЖБ ақпарына қарағанда, азаматтардың барлық санаттары үшін тұрғын үй құрылысы 2013 жылы басталады.

Жас отбасыларға арналған жалгерлік тұрғын үйге келетін болсақ, отбасылар пәтерде жалдау ақысын төлемей тұратын болады. Жас отбасыларды іріктеп, есепке қоюды әкімдіктер жүзеге асырады.

Бағдарламаға қатысу шарттары бойынша,  жас отбасы деп, 2 жылдан артық некеде тұрған, өтініш берген кезде жастары 29-дан аспаған ерлі-зайыптылар есептеледі әрі, жас отбасылардың бағдарламаға қатысуға өтініш берген елді мекенде жекеменшік тұрғын үйлері болмауы керек.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының қабылдануы тұрғын үй құрылысы жинағына қызығушылықты одан әрі арттырып, банктік клиенттері көбейе түседі деп ойлаймыз. Бұл мемлекеттің халықтың тұрғын үй мәселесін кешенді шешу тәсілімен байланысты», - делінген ТҚЖБ ақпаратында.

Бұрын да хабарланғандай, үстіміздегі жылы банк тұрғын үй құрылысы жинағына қатысушылардың үлесін 3,4 пайызға дейін арттырып, ұзақ мерзімді теңгелік салымдар нарығындағы үлесін және тұрғын үйді салу мен сатып алуды несиелендіруді 10,4 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесіне 80 мыңнан астам жаңа қатысушыларды тартып, халыққа 32 млрд теңгеден астам тұрғын үй займын беру жоспарлануда.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты - пайдалануға берілетін жаңа тұрғын үй көлемін 2020 жылға қарай 6 млн-нан 10 млн шаршы метрге дейін ұлғайту және тұрғын үйдің қалың бұқара халық үшін қолжетімді болуы.