Жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа жүйесі әзірленді

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» жаңа бағдарламасын таныстыру кезінде ҚР Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің басшысы Серік Нокин мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, жас отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі екі кезеңнен тұрады. «Біріншісінде, 8,5 жыл ішінде жас отбасы қаржыны «Тұрғынқұрылысжинақбанкінде» жинастырады және бір мезгілде осы уақыт ішінде сол жалға алынған пәтерде тұру мүмкіндігіне ие болады. Содан кейінгі кезеңде жинақ есебінен аталған пәтерді бірден сатып алуға болады немесе қаржы жеткіліксіз болған жағдайда 15 жылға дейінгі мерзімге жылдық 4 пайыздық займды пайдалана алады. Онда займның жалпы мерзімі 23,5 жылға жетеді. Осы тұрғыда қарызды уақытынан бұрын жабу мүмкіндігі де қарастырылған»,-деді С. Нокин.
Мәселен, жас отбасылар 45 шаршы метрлік 1 бөлмелі пәтер үшін ай сайын шамамен 20 мың теңгеден астам қаржы, 54 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтерге 24 мың теңге, сондай-ақ ауданы 65 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтерге 29 мың теңге төлеуі тиіс.