11:10, 10 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жас сарбаздар ант қабылдады
АСТАНА. Қаңтардың 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерінің Астанадағы №5570 әскери бөлімшесінде әскер қатарына шақырылған жастардың ант қабылдау рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш шараға әскери бөлімшенің сарбаздары мен сардарлары және Астана қалалық Ішкі істер департаментінің басшылары, сондай-ақ ант қабылдаушы жастардың ата-аналары мен туғандары қатысты. Салтанатты жиында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай сияқты еліміздің бес аймағынан әскер қатарына шақырылған 150 жас сарбаз ант қабылдады. Еске сала кетейік, бұл жастар осыған дейін арнайы әскери дайындық курсынан өткен болатын. Ал салтанатты түрде ант қабылдаған соң олар екі апта көлемінде тиісті талаптар негізінде оқу-жаттығу жұмыстарымен айналысып, олар бойынша арнайы сынақтан өтеді. Сонымен қатар олар осы уақыт аралығында арнайы әскери кезекшілікке шығып, елорданың тыныштығын да күзететін болады. Әскерилердің мәліметтеріне қарағанда, елордада қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында күніне тәртіп сақшыларымен бірге және өз беттерінше 250 сарбаз кезекшілікке шығады екен.