Жас сарбаздар шекарашылар өмірімен танысты
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясының далалық оқу орталығында Алматы гарнизонының әскери бөлімдеріне келген жас сарбаздар үшін таныстыру сабағы өткізілді.
Тәуелсіздік күні қарсаңында әскери ант қабылдаған сарбаздар нағыз жауынгерлік өмірмен танысты, оның ішінде қарақ-жарақ пен шекараны қорғауға арналған техникалық құралдардың мүмкіндіктері, радиолокациялық құралдардың жұмыс істеу барысы көрсетілді.
Шекара бұзушыларды іздеу және ұстау жолдары, бұл мақсатта жан-жануарлардың, оның ішінде қызметтік иттер мен аттардың көмегін қалай пайдалану керектігі де іс жүзінде көрініс тапты. Академияның бірінші курс студенттері атқа мінудің қыры-сырын түсіндірді.
«Боран» арнайы бөлімшесінің жауынгерлері шекараны бұзушыларды қалай ұстау керектігін іс жүзінде жоғары шеберлікпен дәлелдеді.
Шекара қызметінің сапына келген жас сарбаздардың алдында жоғарыдағы қару-жарақ түрлері мен әскери қимылдарды терең меңгеріп, ертеңгі күні еліміздің қасиетті шекарасын күзету міндеті тұр, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.