Жас скрипкашы Диана Мақажан: Шостаковичтің №1 концерті – менің ең сүйікті туындым

АСТАНА.KAZINFORM - Астанада «Батыстан Шығысқа дейін» атты классикалық музыка концерті өтті. Іс-шарада Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі түркиялық маэстро Хакан Шенсойдың дирижерлік етуімен Бетховен мен Шостаковичтің шығармаларын орындады. 

Диана Мақажан
Фото: Қазақконцерт

Кештің солисі - жас скрипкашы, оркестр артисі Диана Мақажан. Оның айтуынша, музыка жолы бала кезден басталған.

– Менің музыкаға бейімімді алғаш байқаған ұстазым Людмила Санина болды. Скрипкаға келуіме және музыкалық білімімнің қалыптасуына дәл осы кісінің әсері зор, - деді Диана.

Ол сондай-ақ халықаралық байқаулардағы тәжірибесі кәсіби өсуіне ықпал еткенін атап өтті.

скрипка
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Конкурстар үлкен дайындықты талап етеді. Ең есте қалғаны - Коган атындағы конкурс. Финалда дәл бүгін осы кеште орындаған Шостаковичтің №1 концертімен шыққан едім. Бұл – менің ең сүйікті концертім, – деді ол.

Диана Мақажан бұл концертті өзінің кәсіби жолындағы маңызды белестердің бірі деп бағалады. 

– Бұл концертте түркиялық маэстро Хакан Шенсоймен бірлесе отырып, үлкен жұмыс атқардық. Дайындыққа бір айдай уақыт кетті. Қазір мен Моцарт, Прокофьев және Бахчуконның концерттерін репертуарына енгізуді жоспарлап отырмын, – деді ол.

Концерт барысында Бетховеннің «Кориолан» увертюрасын, №5 симфониясы және Шостаковичтің скрипкаға арналған №1 концерті орындалды.

Соңғы жаңалықтар