«Жас ұлан» мектебі 10 жылдық мерейтойын атап өтуде

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мерекелік шара барысында «жасұландықтардың» сапына жаңадан қосылған 89 тәрбиеленуші салтанатты түрде ант қабылдады.
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Нұрлан Жоламанов олардың алғашқы қанат қағыстарына, алдағы оқуларына сәттілік тіледі.
Арнайы мектеп осыдан 10 жыл бұрын, қарашаның 4-де Елбасы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылып, оған Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген болатын.
«Жас ұлан» жалпы орта білім беріп қана қоймай, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп оқытады. Мұнда алғашқы әскери даярлық пен дене тәрбиесіне ерекше назар аударылады. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен, оқу-әдістемелік базамен қамтамасыз етілген. Жоғары сынып оқушыларына ТЛ-2000 ұшағын басқару дайындығы өткізіледі. Мектеп бітірісімен олар арнайы ұшқыш куәлігін алып шығады. Түлектер еліміздің жоғары әскери орындарынан бөлек, Беларус, Түркия, Германия мемлекеттерінде де білім алып жүр.