«Жас ұлан» мектебі тәрбиеленушілеріне арналған Жаңа жылдық шырша Астанада өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылды қарсы алу Халық Қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі тәрбиеленушілерінің есінде ҚР Қорғаныс министрінің жаңа жылдық шыршасы боп қалмақ.

«Жас ұлан» мектебі тәрбиеленушілеріне арналған  Жаңа жылдық шырша Астанада өтті  (ФОТО)

Салтанатты шара 15 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл жаңа жылдық шырша астаналық «Думан» ойын-сауық орталығында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Шараға 7 сыныптың 144 ұланы (олардың отызға жуығы қамқорлықтағы балалар және балалар үйінің тәрбиеленушілері болып табылады) және Астана қаласындағы мектептер мен лицейлердің 6-7 сыныптарында оқитын оқушы қыздар қатысты. Ұландарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров: «Сендер мәртебелі мамандықты таңдадыңдар және Елбасы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының бастамасымен құрылған даңқты батыр армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін иеленген мектепте оқисыңдар. Бұл сендерге үлкен әрі жоғары жауапкершілік жүктейді. Өздеріңнің барлық өмір жолдарыңда осы жауапкершілікті лайықты алып жүретіндеріңе сенімдімін. Сендерге 2015 жылы зор денсаулық, озат оқу мен жігерлілік тілеймін. Жолдарың әрқашан абырой мен даңққа бөленсін! Жаңа жылдарыңмен!» - деді. Әскери мектеп тәрбиеленушілері мен мереке қонақтары үшін концерттік бағдарлама мен сыйлықтар дайындалып, мерекелік дастархан жайылды. Соңынан балалар океанариумды тамашалады.

«Бүгін біздің көңіл-күйіміз өте жақсы. Мен барлық ұландар атынан мектебіміз бен Қорғаныс министрлігіне осындай мерекелік шараны ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды жеткізгім келеді. Барлығын келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын», - дейді Жаңа жылдық шыршаға қатысқан ұлан Шәріпбек Бақберген. Айта кеткен жөн, 22-23 желтоқсан күндері осындай мереке мектептің жоғары сынып оқушылары мен «Жас ұлан» мектебі әскери қызметшілерінің балалары үшін ұйымдастырылған болатын.