«Жас ұлан» мектебі түлектерін салтанатпен шығарып салды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 9 маусымда Астанада «Отан қорғаушылар» алаңында армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі тәрбиеленушілерінің салтанатты 14-ші мерейтойлық шығарылымы өтті, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Биыл «Жас ұлан» мектеп қабырғасынан мектеп құрылғалы бері саны жағынан ең көп адам, 75 ұлан түлеп шығады. 2013 және 2014 жылдары мектепті 55 және 64 ұлан бітіріп шыққан. «Жас ұлан» тәрбиеленушілерінің 2015 жылғы ҰБТ-дағы орташа балы 85,2 құрады. Бұл деңгей былтырғы жылға қарағанда жоғарырақ болды (2014 жылы - 81,3).
Бүгін болашақта ҚР Қарулы Күштер мен өзге де күштік құрылымдардың офицерлері, өз Отанының нағыз қорғаушылары болатын түлектерге, сондай-ақ іс-шара қонақтарына ҚР ҚК 68 665 ә/б құрмет қарауыл ротасының қысқартылған парадтық есептобының дефилесі көрсетілді. Салтанатты шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ұландардың ата-аналары, Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты. «Жас ұлан» мектебі тәрбиеленушілерінің дайындық деңгейі жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өткен жөн. Бітіруші ұландар ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, жоғары нәтижелер көрсетуде. Былтырғы жылы «Жас ұлан» 64 бітірушіні түлетіп шығарғанын еске салайық. Бүгінде олардың барлығы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, ҚР ҰҚК, ТЖМ және ІІМ жоғары оқу орындарында білім алуда. Сондай-ақ, Ресей, Беларусь және Қытай қорғаныс министрліктері әскери жоғары оқу орындарының курсанттары болып табылады.\